Цифрлы экономиканың қысқы мектебі

Жәңгір хан университетінің Қосымша білім беру, біліктілікті арттыру басқармасы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстық IT қауымдастығымен бірлескен цифрлы экономиканың қысқы мектебін ұйымдастырды. Университет оқытушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған оқу курсына ақпараттық технологиялар мен цифрлы экономика саласындағы ғалымдар мен мамандар арнайы шақырылды.

Университет ректоры Асқар Нәметов алғы сөзінде бәсекеге қабілетті маманның цифрландыру, IT саласындағы білімінің маңызын атап өтіп: «Университетте ақпараттық, коммуникациялық және цифрлық технологиялар пәні жүргізіледі және курс соңында студенттер емтихан тапсырмайды, IT жоба қорғайды. Іскерлік мәдениетті дамыту мақсатында студенттерге кәсіпкерлік негіздерін оқытамыз, экономикалық ойлауды қалыптастырамыз. Сондықтан айтылған бағыттар бойынша оқытушылар да мол білім қорына ие болуы керек. Жыл бұрын облыстық IT қауымдастығымен «SMART CITY, DIGITAL UNIVERSITY» форумында ынтымақтастық келісімі жасалды. Оқытушылар мен қызметкерлерді жұмыс жасаудың заманауи, жаңа нұсқаларымен таныстыру мақсатында цифрлы экономика мектебін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды», – деді.

БҚО ақпараттық технологиялар қауымдастығының төрағасы Петр Лежников бүгінгі күнде маманның біліктілігін оның цифрлы технологиялар мен ІТ саласындағы білімі анықтайтынын айтты. Яғни, заман талабына сай кез келген мамандық иесі түрлі бағдарламаны өзі жасақтамаса да, техникалық маманға саласы бойынша нақты әрі тиімді, дұрыс тұжырым ұсына отырып, талап қоя білуі керек.

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Абат Ашық «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, аймақта жүзеге асу барысы туралы айтты.

Қысқы мектеп алты күн оқытылады. «Цифрлы экономика – жаңа технологиялық кезең экономикасы», «Төртінші өндірістік революция және индустрия 4.0.», «Интернет маркетинг. Интернетте бизнес ұсыну», «Цифрлы экономика және мемлекетті цифрландыру; экономика мен қоғам», «Жасанды интеллект және машиналық оқыту», «Платформалы экономика», «Интернет саудасының заманауи тетіктері» және т.б. тақырыптарда дәрістер өткізіледі. Дәріс жүргізетін – Ресей жаратылыстану Академиясының корреспондент-мүшесі, М.В. Ломоносов атындағы ММУ э.ғ.д., Тамара Юдина, «Студия Web-design.kz» ЖШС директоры Иван Мельников, «Softlance» ЖШС директоры Петр Лежников, облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысы Сәкен Нұртазаев.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу