Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі

Серпін-2050 «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» және «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының аясында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 60-тан аса жұмыспен қамтушы мен 850-ден аса бітіруші түлек қатысты.
Жәрмеңке барысында университет пен жеке кәсіпкерлер студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және тұрақты жұмысқа орналастыру жөнінде келісім-шартқа отырды. Университет ректоры Асқар Наметов «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мен «КазКон» кондитерлік фабрикасының басшыларымен серіктестікті дамыту меморандумына қол қойды. Сонымен қатар Серпін-2050 «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 3 кәсіпорынмен 6 студентті тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру бойынша келісім-шарт жасалды. «АкТеп» ЖШС «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығының түлектерін, «КазКон» кондитерлік фабрикасы болашақ технологтарды, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС «Политехникалық» факультет студенттерін өндірістік тәжірибеден соң тұрақты жұмысқа алатындарын айтты.

– Мұндай шаралар түлектерді жұмыспен қамтып қана қоймайды, жұмыс берушілер де білікті маман даярлауда оқу жүйесіне қажет ұсыныстарын білдіре алады, – дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Студенттер контингентін қалыптастыру және мансап орталығының директоры Ізімғали Жұбантаев.
Елбасы соңғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында: «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы», – деген болатын. Соңғы үш жыл ішіндегі 3366 түлектің 2663-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы оқу жылында 1005 бітіруші түлек болса, олардың көпшілігі қазірдің өзінде сұранысқа ие және мамандықтары бойынша қызмет етуде.
Өткен оқу жылында «Экономика және бизнес» факультетінде құрамына Ұлттық банкпен бірге 12 банк филиалдары және Мемлекеттік кірістер департаменті енетін қамқоршылар кеңесі құрылған еді. Аталған мекеме қызметкерлері студенттерге дәріс жүргізіп, жыл соңында 10 студент банк филиалдарына тұрақты жұмысқа орналасты. Мұндай қамқоршылар кеңесі басқа факультеттерде де құрылып келеді.
Жасұлан Жұмашев, «Политехникалық» факультетінің 4 курс студенті:

– Бұған дейін «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясынан екі рет өндірістік тәжірибеден өттім. Диплом алдындағы тәжірибені де сол жерден өтуді жоспарлап жүрмін. Тәжірибе барысында инженер-электрик мамандардан үйренгенім көп. Болашақта мен де мамандығымның үздігі боламын деп ойлаймын.
Еңлік Қуанышова, «Агрономия» факультетінің 4 курс студенті:

– Түйіндемемді «ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесіне тапсырдым. Мақсатым – ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осыған дейін алған білімімді іс жүзінде жүзеге асыру. Қазір ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінуде, мысалы Елбасының «Агробизнес-2020» бағдарламасын айтуға болады. Болашақта экспортқа шығатын бидай өнімін халықаралық нарықтан көргім келеді.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу