Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 25 қазан – Республика күніне және білім ордасының 60 жылдық мерейтойына арналған «Жәңгір хан университеті: бүгіні, ертеңі, болашағы» атты салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты шараға университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, ардагер ұстаздар, шақырылған қонақтар және жоғары оқу орнының қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Алдымен сөз алған университет ректоры Асқар Наметов жиналғандарды Республика күні мерекесімен құттықтап, содан соң Жәңгір хан университетінің тарихи даму жолына шолу жасап өтті.
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналған Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұжымын 60 жылдық мерейтойларымен құттықтады.
Салтанатты шара барысында Мичурин мемлекеттік аграрлық университетінің, Тамбов мемлекеттік университетінің, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің, Самарқан ветеринарлық медицина институтының, Жилин университетінің өкілдері сөз алып, батысқазақстандық жоғары оқу орнымен әріптестік байланыстары одан әрі беки түсеріне сенім білдірді. Сонымен қатар өңіріміздегі М.Өтемісов атындағы БҚУ, ҚазИИТУ, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті сынды іргелі білім ошақтарының басшылары да ізгі тілектерін арнады. Ал Жәңгір хан университетінің ардагері, ұзақ жылдар ректорлық қызмет атқарып, оқу ордасының дамуына сүбелі үлесін қосқан Қазыбай Бозымов әріптестеріне өз батасын берді.
Бұдан әрі университеттің даму жолында өз қолтаңбаларын қалдырған, жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер ҚР Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының, Батыс Қазақстан облысы және Орал қаласы әкімдерінің марапаттарымен және «Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
Салтанатты кеш білім алушылар мен түлектер ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Бұл күні институттар мен құрылымдық бөлімдер алпыс жылдық тарихы бар университетте қызмет еткен ардагерлермен кездесіп, оларға құрмет көрсетті.