Әскери кафедра түлектеріне «запастағы сержант» шені табысталды

Жәңгір хан университетінде әскери кафедраның 99 студентіне БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бұйрығы негізінде «запастағы сержант» әскери шені берілді.

Салтанатты рәсім 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимнін орындаумен басталды. Одан кейін тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов студенттерді әскери кафедраны сәтті аяқтап, «запастағы сержант» шенін алуымен құттықтады.

– Бүгінгі қуанышты сәттің Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келуі ерекше мәнге ие. Мемлекеттік туымыз, елтаңбамыз және әнұранымыз – тәуелсіздігіміздің, бірлігіміз бен елдігіміздің қасиетті белгілері. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Сіздерді әскери кафедраны сәтті аяқтап, «запастағы сержант» шенін алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге толағай табыс, жарқын болашақ тілеймін. Елге адал қызмет етіп, абыройларыңыз асқақтай берсін, – деді Ақылбек Ұзақбайұлы.

Айта өтейік, әскери кафедраны сәтті аяқтап, шен алған түлектер алдағы уақытта ел қорғанысын нығайту ісіне өз үлестерін қосуға дайын мамандар қатарын толықтырады.