Жәңгір хан университетінде биылғы оқу жылының түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шарада басқарма және институт басшылығы, профессор-оқытушылар түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі. Университет қабырғасында аграрлық, ветеринарлық, техникалық, құрылыс, машина жасау, көлік сервисі, IT, экономика салалары бойынша түрлі мамандықты игерген түлектердің еліміздің дамуына өз үлестерін қосарына сенім білдірді.
Университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан студенттерге куәліктер табысталып, жастар арасындағы қоғамдық белсенділікті арттыруға және оқу ордасының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше түлекке алғысхат пен Құрмет грамотасы берілді. Білімді әрі белсенді студенттердің ата-анасы алғысхатпен марапатталды. Сонымен қатар түлектерге офицер шені табысталды.
Биыл білім ордасы 1 094 жас маманды үлкен өмірге жолдады. Олар бакалавриаттың 37, магистратураның 18 және докторантураның екі мамандығы бойынша білім алып, оқуын сәтті аяқтады. Оның ішінде 52 түлек үздік дипломға ие болды. Бұл – университеттегі сапалы білім мен жүйелі даярлықтың нәтижесі.
Жалпы 1 007 түлек – бакалавриат, 85 түлек – магистратура және екі түлек – докторантура бағдарламасы бойынша білім алды.
Айта өтейік, 1-8 шілде күндері аралығында бакалавриат, магистратура, қашықтан оқыту технологиясы мамандықтарын тәмамдаған түлектерге диплом табысталды.





