Бүгін Жәңгір хан университетінде «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Ауыл тұрғындарының табысын арттыру» форумы өтті. Форум ауылдық жерлерде іске асырылған шағын өндіріс жобаларының көрмесімен танысудан басталды.
Аталған шараға «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер бойынша комитетінің төрағасы Серік Егізбаев қатысты.
Форум аясында елді мекендердегі өндіріс жобалары таныстырылып, агрокәсіп, балық шаруашылығы, өңдеу саласы бойынша тәжірибелер айтылды. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы өнімді сату мен бизнесті дамыту тақырыптары талқыланды.
Спикерлер кәсіпті дамытуға бағытталған нақты тәжірибелерімен бөлісті.
– «Ауыл» партиясының жобалары ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін нақты жағдайлар жасауға бағытталған. Біздің басты міндетіміз – жергілікті жерлердегі бастамаларды қолдау, ауыл тұрғындарына бизнесті тиімді жүргізу құралдарын беру және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Бүгінгі форум мен ұсынылған көрме біздің ауылдардың өзін-өзі жұмыспен қамту және табысты шағын өндірістер құру үшін орасан зор әлеуетке ие екенін дәлелдеді, – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Айта кету керек, мұндай форумдар ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін береді.














