Жәңгір хан университеті базасында «Эко-пункттерге тапсырылатын сұрыпталған қалдықтардың көлемін арттыруға бағытталған үздік әлеуметтік жоба» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараны «ОралТазаСервис» ЖШС ұйымдастырды. Байқауға Орал қаласындағы 28 мектеп пен үш жетекші жоғары оқу орны, соның ішінде «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасының креативті идеялар ұсынған студенттері қатысты. Компания он жылдан астам уақыт бойы қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарымен айналысып келеді. Бұл қызметтері жауапкершілік, экологиялылық және тұрақты даму қағидаттары арқылы қаланы таза әрі жасыл етуге бағытталған және Тұрақты даму мақсаттарының 11 және 12-тармақтарына сай келеді. Мақсат – қаланы таза әрі жасыл ету, жауапкершілік, экологиялық ұстаным мен тұрақты даму қағидаттары негізінде жұмыс істеу. Бұл – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына толық сәйкес келеді.
Байқаудың басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғам мен табиғатқа пайдалы шешімдерді енгізу, сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасында тұтыну мәдениетін арттыру, қалдықты азайтуға бағытталған ағартушылық жұмыстар жүргізу.
Байқау нәтижелері бойынша жеңімпаздар төмендегідей:
1-орынды Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 және 12 сынып оқушылары жеңіп алды. Олар қалдықты контейнерге жеткізбей жатып сұрыптап жинауға мүмкіндік беретін құрылғы макетін ұсынып, «Tazalyg» командасы атынан шықты. Жүлде қоры – 200 мың теңге.
2-орын №51 жалпы білім беретін мектептің 7 «В» сынып оқушысы Қуаныш Бек Мұхитұлына бұйырды. Ол пайдаланылған қағаз стақандар, түтікшелер мен шырын қораптарынан жасалған балаларға арналған дамытушы ойыншықтарды ұсынды. Жүлде қоры – 150 мың теңге.
3-орынды №44 мектептің 7 сынып оқушысы Жамелова Аяулым иеленді. Ол тұрмыстық қалдықтардан жасалған ерекше қабырға интерьері, гүл құмыралары сынды қолөнер бұйымдарын ұсынды. Жүлде қоры – 100 мың теңге.