Ректорлар кеңесі өтті

4 қараша күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде батыс өңіріндегі жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі өтті.

Басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауын және 2023-2029 жылдарға арналған ҚР-ның жоғары білімді және ғылымды дамыту тұжырымдамасын  жүзеге асыру, кеңестің белсенді жұмысын жандандыру.

Кеңестің алғашқы көшпелі отырысының Оралдағы алпыс жылдық тарихы бар Жәңгір хан университетінде ұйымдастырылуының басты себебі – білім ордасының тарихи датасымен байланысты. Сондықтан да алдымен Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қонақтарға ыстық ықыласын білдіріп, мерейтойлық естелік сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде жоғары оқу орындарының басшылары да жылы лебіздерін жеткізіп, алпыс жылдық белесті артта қалдырған университет ұжымын құттықтады.

Бұдан әрі батыс өңіріндегі ЖОО ректорлары кеңесінің төрайымы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова сөз алып: – Біз бүгінгі алғашқы жиында белгілі бір мәселелерді талқылай отырып, алға ортақ мақсат-міндеттер қоямыз. Келесі басқосуымызда сол жұмыстардың жүзеге асырылу барысымен танысатын боламыз, – деді.

Оқу орындары басшылары Қазақстанның батыс өңірлерінде индустриалды ғылымды дамыту, ғылыми коллаборация, мегагранттарға бірлесе қатысу, өңір экономикасын дамытудағы ЖОО-ның ғылыми-техникалық әлеуеті секілді мәселелерді бірлесе талқылады. Өңірлік жоғары оқу орындары ректорлары Жәңгір хан университетінің ғылыми әлеуеті жоғары екенін айта келе, бірқатар ғылыми жобаларға қызығушылық танытып, алдағы уақытта жобаларды коммерцияландыру бағытында бірлесе жұмыстануға ұсыныс білдірді.

Жиын соңында алғашқы кеңес отырысын ұйымдастырған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ басшылығына өзге оқу орындарының ректорлары өз алғыстарын білдірді. Тараптар бұл бастама өзара күш біріктіруге, ғылыми жаңалықтар ашуға септігін тигізеріне сенім білдірді.

Қатысушылар батыс өңіріндегі ЖОО ректорларының кеңесін тоқсан сайын ұйымдастыру туралы ортақ шешімге келді. Кеңестің келесі көшпелі отырысы 2024 жылдың қаңтар айында Атырау өңірінде өтетін болды.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу