Орал қаласында тұңғыш рет «IT SPEAKERS DAY» атты цифрлық технологиялар және инновация фестивалі өтті. Оның негізгі мақсаты – өңірдегі IT саласы мен жасанды интеллекттің даму деңгейі туралы ақпарат беріп, оқушылар мен студенттердің цифрлық дағдыларын, креативті ойлауын дамыту, жобалар әзірлеуге ықпал ету және тәжірибе алмасу болды.
Аталған фестивальге Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «ақпараттық жүйелер және технологиялар» мен «агроинформатика» мамандықтарының білім алушылары қатысты. Шара барысында аға оқытушы, техника ғылымдарының магистрі Анаргүл Бекенованың жетекшілігімен ІІ курс студенттері Елер Брманов, Сабит Сұлтан, Талап Ерасыл және Ернар Мерханов қазіргі таңдағы өзекті тақырыпқа арналған жасанды интеллект көмегімен әзірленген жобаларын таныстырды. Студенттер өз жобаларын аудиторияға жоғары деңгейде жеткізе білді.
Жәңгір хан университетінің студенті Ернар Мерханов «Batys Hub» инновациялық орталығынан «Аналитика данных и искусственный интеллект» курсына грант жеңіп алды. Фестиваль білім алушылардың көңілінен шықты.


