Жәңгір хан университетінің білім алушыларынан құралған «Амальгама» командасы «CASE-IN» халықаралық инженерлік чемпионатына онлайн форматта белсенді түрде қатысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасы ұйымдастырған аталмыш чемпионат талантты жастардың білімдері мен кәсіби машықтарын көрсетуіне үлкен мүмкіндік берді. Маңызды шараға қатысқан университетіміздегі 6В07100(7М07100)-«Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасының «Амальгама» командасы (Б.Турашев, А.Асқарова, М.Сидагалиев, А.Есенгелді, ғылыми жетекшісі С.С.Сатаева) өздерінің қабілеттерінің қаншалықты жоғары екенін айқын көрсетті.
Чемпионат барысында «Амальгама» командасы өндірістік ауқымдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынып, оларды нақты инженерлік және экономикалық есептеулермен дәлелдеп шықты. Команда мүшелері қазіргі таңдағы өндірістегі экологиялық, технологиялық және тиімділік тұрғысынан туындайтын проблемаларға терең талдау жасап, заманауи тәсілдер мен инновациялық шешімдер ұсынды.
«CASE-IN» халықаралық инженерлік чемпионаты – жастар үшін кәсіби дамудың, жаңа идеяларды жүзеге асырудың, тәжірибе алмасудың және бәсекеге қабілетті болудың үлкен мүмкіндіктер алаңы. «Амальгама» командасының көрсеткен белсенділігі пен кәсіби дайындық деңгейі еліміздің өңдеу өнеркәсібі саласындағы болашақ инженерлердің дамуына елеулі үлес қосарына сенім мол.