«Бос орындар жәрмеңкесі-2025»

Жәңгір хан университетінде дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі-2025» іс-шарасы өтті.

Шараның басты мақсаты – университет түлектерінің жұмысқа орналасуына ықпал ету, кәсіпорындар мен оқу орны арасындағы байланысты нығайту. Жәрмеңкеге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің, БҚО Стратегия және даму басқармасының, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, Орал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері және жұмыс берушілер мен бітіруші курстың студенттері қатысты.

Мамандар білім алушыларға «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға» сынды мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, жалпы ақпарат берді. Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларын түсіндірді. Жұмыс беруші кәсіпорын-ұйымдар өкілдері бос лауазымдар бойынша үміткерлермен әңгімелесулер өткізсе, облыс аудандары әкімдерінің аппарат басшылары мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын түлектермен кездесті.