БҚАТУ-дың «Құрметті профессоры» атанды

Жәңгір хан университеті ғылыми кеңесінің шешімімен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Мардан Джуланов «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті профессоры» атанды.

Ғылыми кеңес мүшелерінің, Мардан Нұрмұхамбетұлының шәкірттерінің қатысуымен өткен жиында Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Наметов Батыс Қазақстан өңірінің тумасы, ғалым-ұстаз Мардан Джулановтың университет ғалымдарына көрсетіп жүрген қамқорлығын, жас ғалымдардың қанатын қатайтуға қосқан үлесін атап өтті. Содан соң мәртебелі мейманға «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті профессоры» куәлігі мен профессорлық мантияны табыстады.

Бұдан әрі сөз алған профессор, ветеринария ғылымдарының докторы Қайсар Кушалиев М.Джулановты сыйлас әріптес, абзал аға, адал дос ретінде 30 жылдан астам уақыттан бері танитынын жеткізсе, жас ғалым Досмұхан Габдуллин ғылыми жетекшісі болған Мардан Нұрмұхамбетұлының ғылымға әлі де берері мол тұлға екеніне сенім білдірді.

Өз кезегінде профессор Мардан Нұрмұхамбетұлы көрсеткен құрметтері үшін Жәңгір хан университеті басшылығы мен ұжымына ризашылығын білдірді. Ал жиыннан соң «Ветеринария және агротехнология» институтында «ветеринар» мамандығында оқитын білім алушылармен кездесті.