Жәңгір хан университетінің ғалымдары 14-17 сәуір аралығында Будапешт қаласында (Венгрия) World Holstein Friesian Federation ұйымдастырған World Classifiers Workshop 2026 халықаралық семинарына қатысты. Іс-шараға әлемнің 40-тан астам елінен өкілдер қатысты.
Қазақстанның атынан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің, «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және «QazaqSut» ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдары республикалық палатасының өкілдері қатысты. Делегация бұл сапарға ҚР АШМ тарапынан бағдарламалық-нысаналы қаржыландырылатын BR22886157 «Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтары үшін бейімделген ресурс-энергияны үнемдейтін және цифрлық технологияларды қолдану негізінде сүтті ірі қара мал шаруашылығында күтіп-бағу, азықтандыру, өсіру және көбейту технологияларын жасау» бағдарламасы аясында қатысты. Семинар барысында сүтті бағыттағы ірі қара малды бағалау және селекциялық-племелік жұмысты жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация Венгриядағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлымен кездесті. Кездесу барысында сүтті мал шаруашылығын дамыту, геномдық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады.

