Жәңгір хан университетіне келген АҚШ елшілігінің өкілі, қоғаммен байланыс және мәдени бағдарламалар координаторы Айгүл Жолдасбаева ұжымға Қазақстанның АҚШ елшілігімен бірлескен Fullbright бағдарламасының стипендиаты Эмма Тэйлорды таныстырды.
Меймандармен кездесуге университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шамшидин, халықаралық ынтымақтастық бөлімнің мамандары, институт директорлары, «Болашақ» бағдарламасымен Америкада тағылымдамадан өткен жас ғалымдар қатысты.
Елшілік өкілі А.Жолдасбаева өткен жылы БҚАТУ-да жұмыс сапарымен болған АҚШ елшісінің университеттің білім беру үдерісі, ғылыми әлеуеті және халықаралық бастамаларына жоғары баға бергенін атап өтті. Осыған байланысты Fulbright бағдарламасының тағы бір стипендиатын осы оқу орнына жіберуді ұйғарған. Ал аталмыш бағдарлама арқылы Орал шаһарына келген АҚШ азаматшасы Эмма Тэйлор өзін жылы қабылдаған университет ұжымына алғыс білдіріп, алдағы бір жыл ықыласпен еңбектенуге ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде проректор Ә.Шәмшідін университет басшылығы атынан АҚШ елшілігіне ризашылығын жеткізді.
Жаңа оқу жылы барысында шетелдік маман Э.Тэйлор студенттер мен оқытушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейлерін жоғарылатумен қатар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қоспақ.

