Жәңгір хан университеті ғалымдары мен «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері кездесіп, тұрақты даму және ғылыми зерттеулерді коммерциаландыру бойынша маңызды қадам жасады.
Өндіріс орнының өкілдері университетіміздің білікті ғалымы, профессор С.Монтаевтың шыны қалдықтарын пайдалану арқылы бетон өрнектастарын шығару бойынша инновациялық технологиясына қызығушылық танытты. Олар өнертабыстық патент иеленген бұл ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге ниет білдірді. Өзара келісімге келген қос тарап лицензиялық келісімшартқа қол қойып, ғылым мен өндірісті ұштастыруға қадам жасады.
«Тұран ПромРесурс» ЖШС директоры Гүлмаржан Оқашева да жергілікті ғалымдардың ғылыми жетістігі үшін қуанышты екенін жеткізді. Алдағы уақытта келісімшарт аясында ғылыми әзірлеме бойынша өндіріске қажетті технологиялық құрылғылар алынатын болады. Одан әрі бизнес-жоспарға сәйкес өндіріс ошағы шыны қалдықтары қосылған өрнектастарды шығарады. Университет ғалымдары өндіріс ошағымен тығыз байланыс жасап, құрылыс материалын дайындап, нарыққа шығарғанға дейінгі үрдіске түгелдей қатысады.
Ғалымдарымыздың айтуынша, бұл – университет тарихындағы алғашқы лицензиялық келісімшарт. Бұл бастама одан әрі жалғасын тауып, жаңа технологияларға негізделген басқа да ғылыми жобалардың өндіріске жол тартарына сенім мол.

