23 сәуірде Тараз қаласындағы «ҚазҒЗВИ» ЖШС «Жамбыл ғылыми-зерттеу ветеринариялық станциясы» филиалында «Қазақстанның оңтүстігінде ірі және орта көлемді қымыз фермаларын ұйымдастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы, яғни BR22887106 «Жылқылардың генетикалық ресурстарын басқаруды оңтайландыру үшін молекулалық-генетикалық әдістерді қолдану және өнімді жылқы шаруашылығына арналған инновациялық технологияларды әзірлеу» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарламаның жетекшісі – Жәңгір хан университетінің ғылым және технологияларды коммерцияландыру департаментінің директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Индира Бейшова.
Дөңгелек үстел жұмысына шаруа қожалықтарының өкілдері, ғалымдар және Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті ветеринария және ауыл шаруашылығы мамандықтары факультетінің студенттері қатысты. Іс-шараның модераторы – бағдарлама орындаушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Ә.Аубакиров.
Кездесудің күн тәртібі заманауи жылқы шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелеріне арналды. Қатысушылар табынды жылқыларды бордақылауды ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін, ет өнімділігін арттыру технологияларын, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіру мәселелерін, сондай-ақ қымыз шаруашылықтарындағы өндірістік шығындарды төмендетудің практикалық жолдарын талқылады.
Мазмұнды баяндамалармен профессор Ә.Аубакиров пен биология магистрі М.Сейтбекова сөз сөйледі. Сонымен қатар ғылыми қызметке қызығушылық танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсеткен бейінді кафедра студенттерін ерекше атап өткен жөн. Іс-шара барысында ұсынылған шешімдердің практикалық маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді. Кездесу қорытындысы бойынша заманауи технологиялық тәсілдерді асыл тұқымды және қымыз шаруашылықтарының қызметіне енгізуге бағытталған конструктивті пікір алмасу өтті.
Аталған дөңгелек үстел бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми нәтижелерді пилоттық енгізу және алынған білімді әлеуетті пайдаланушылар, ғылыми қауымдастық пен кең жұртшылық арасында тарату – талаптарына толық сәйкес өткізілгенін атап өткен жөн. Дөңгелек үстел ғылым мен өндіріс арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, аграрлық сектор тәжірибесіне ғылыми әзірлемелерді енгізудің өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өнімді жылқы шаруашылығын дамыту бағытындағы жаңа бағдарларды айқындады.
