Бүгін Жәңгір хан университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері жұмыс аптасын мерекелік көңіл күймен бастады.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай ұйымдастырылған «Амал келді, жыл келді!» атты іс-шараның сәнін ұлттық киімдегі ұстаздар мен жастар келтірді. Жастар – үлкендермен, әріптестер бір-бірімен қолдарын кеуделеріне қойып көрісіп, құрмет көрсетті. Аға буын өкілдері жастарға ақ баталарын берді. Жұмысқа ертемен келгендерге салт-дәстүрімізге сай ақ пен бауырсақ ұсынылды. Сонымен бірге шашу шашылып, ақ тілектер айтылып, мерекелік көңіл күй еселене түсті.
Жәңгір хан университетінің Жастар бастамасын дамыту орталығының директоры Асхат Өкшебаев бұл іс-шараның маңызы зор екенін атап өтті.
– Басты мақсатымыз – оқу орнына әр тараптан келіп білім алып жатқан жастарға дәстүріміз бен тарихымызды насихаттау. Жалпы Көрісу айт –өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке бастайтын ерекше дәстүр. Қазақстанның батыс өңірінде Амал мерекесі Көрісу күнінен бастау алып, әз Наурыз мерекесіне ұласады. Біз де осылайша өңірімізде үлкен мерекенің басталғанын көрсеттік, – деді Асхат Ерболатұлы.