Ғылыми жоба – көрмеде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім және ғылым: Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбындағы кеңейтілген алқа отырысы аясында ұйымдастырылған көрмеде Жәңгір хан университеті ғалымдарының да ғылыми жобасы назарға ұсынылды.

Алматыда өткен көрмеде 40-тан астам ғылыми жобалардың қатарынан орын алған «Қазақстанның мал азықтық алқаптарында тұрақты басқару контекстінде жемшөп дайындау технологиялары мен тәсілдерін жасақтау» ғылыми-техникалық бағдарламасының ғылыми жетекшісі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бейбіт Нәсиев.

Бұл ғылыми жоба еліміздегі мал азықтық алқаптарында тұрақты басқару контекстінде жемшөп дайындау технологиялары мен тәсілдерін жасақтауға бағытталған. Басты мақсат – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша маңызды стратегиялық құжаттарда қойылған басым міндеттерді шешу.

Мал шаруашылығы саласы үшін тұрақты азық өндірумен айналысатын Қазақстан фермерлері үшін маңызды бұл ғылыми жобаны ғалымдар 2023-2025 жылдары зерттеп, соның нәтижесінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, халықаралық басылымдарға мақала жариялап, халықаралық конференцияларға да өздерінің зерттеулерін ұсынған. Сонымен қатар  Қазақстан Республикасының пайдалы моделінің сегіз патенті алынған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар атсалысып, жалпы 6 PhD докторант, 17 магистрант және 21 студент қатысқан.

Ғылыми жобаны көрме қонақтарына Жәңгір хан университетінің оқытушысы, Агро-химиялық талдау зертханасының меңгерушісі, философия докторы (PhD) Мадияр Хиясов таныстырды. Жас ғалым бұл жобаға ғылыми қызметкер ретінде атсалысқан болатын. 

📚 Loading…