Жәңгір хан университетінің оқытушылары «Білімнің болашағы: инновациялар мен технологиялар. Білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқу сапасын арттыру, жаңа әдістемелер мен шешімдерді талқылау, сондай-ақ мамандар арасында тәжірибе алмасу алаңын құру.
Дөңгелек үстелге қатысушылар жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі рөлі мен артықшылықтарын, даму болашағын талқылады. Сонымен қатар, осы саладағы өзекті ақпараттармен және жаңалықтармен бөлісті. Цифрландырудың білім беру процесіне ықпалы және қазіргі заманғы технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.
Іс-шараға университетіміздегі «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіптік білім беру институтының» оқытушылары Дархан Жақсыбаев, Идеят Бапиев, Анаргүл Бекенова қатысты. Анаргүл Сағындыққызы «Жаһандану дәуірінде білім беру саласындағы жасанды интеллекттің рөлі мен болашағы» атты баяндама оқып, жасанды интеллекттің білім беру үдерісіне және болашақ мамандарды даярлауға ықпалына тоқталды. Іс-шара тек білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдарланған, заманауи технологиялар арқылы сапалы білім беруге бағытталған бастамаларға серпін берген маңызды платформаға айналды.
