Бүгін Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Наметов БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болып, жоғары оқу орнының білім және ғылым саласындағы жетістіктерінен хабардар етті.
Алдымен университет басшысы білім беру бағдарламаларына тоқталып, бұл ретте жұмыс берушілердің талаптары да ескерілетінін жеткізді. – Яғни, біз жергілікті ірі инновациялық бизнес өкілдерімен кездесулер ұйымдастырамыз; олардың қатысуымен нақты жағдайларда кездесетін проблемалар негізінде мамандардың профиліне қажеттіліктерді анықтаймыз, құзыреттілікке қойылатын талаптарды белгілейміз және білім беру бағдарламаларын жасаймыз, – деді Асқар Мырзахметұлы. Сондай-ақ серіктес университеттермен бірлесе әзірленген білім беру бағдарламаларына, қаламыздағы ірі жұмыс берушілермен бірлесіп кадрларды даярлау әдісіне, БҚАТУ-да ашылған Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университеті өкілдігінің жұмысына тоқталған.
Бұдан әрі басқарма төрағасы-ректор А.Наметов ғылым саласына ауысып, университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелері экономикаға енгізуге бағытталғанын айтып, өңір шаруалары үшін пайдалы ғылыми жобалармен таныстырды. Сонымен қатар ректор өз баяндамасында білім ордасының қоғамдағы рөліне де назар аудартты.