Жәңгір хан университетіне келген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм өзара әріптестікті нығайтуға сенім білдірді.
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген мейманды университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Мырзахметұлы қабылдап, білім ордасының қазіргі тынысынан, ғылыми әлеуетінен, халықаралық бағдарламалар аясындағы іс-шаралардан, елшілікпен байланыс жұмыстарынан хабардар етті.
Өз кезегінде елші Дэниел Розенблюм университет ұжымын АҚШ елшілігінің өзге де бағдарламаларына қатысуға шақырып, өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Сапар барысында елшілік өкілдері университеттің Сынау орталығындағы зертханаларда және Жәңгір хан атындағы музейде болды.
Еске сала кетсек, БҚАТУ АҚШ елшілігі ұйымдастыратын «Fullbright» бағдарламасына алты жылдан бері қатысып келеді. Бүгінгі таңда «Fullbright» шәкіртақысы аясында АҚШ-тың Огайо штатындағы Оберлин колледжінен (жеке гуманитарлық университет) келген Джошуа Боуен (Joshua Bowen) есімді волонтер студенттер мен оқытушылардың ағылшын тілінен білімдерін жоғарылату бағытында жұмыстануда.