«Экономика және аудит» жоғары мектебінің құрамында үш жылдан астам уақыт бойы «Бизнес мектебі» белсенді жұмыс істейді. Бұл мектеп оқытушыларға кеңес беру, оқыту, студенттердің бизнес жобаларын дайындау және іске асыру мәселелерімен айналысады.
Үш курс барысында барлық білім беру бағдарламаларының студенттері «Экономика және кәсіпкерлік негіздері», «Бизнес жоспарлау» пәндерін қамтитын «Бизнес негіздері» модулін меңгереді.
2022-2023 оқу жылының екінші семестрінде бизнес жобаларды қорғау нәтижелері бойынша үздік 30 жұмыс іріктеліп, бизнес жобалар көрмесіне ұсынылды. Көрме жұмысына облыстық мәслихат депутаты А.Г.Бисенов, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Б.Т.Сәтқалиев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының, БҚО кәсіпкерлер палатасының, Зашаған кентінің әкімдігі мен бизнес өкілдері қатысты.
Көрме жұмысы бойынша 1-орын студенттер Г.Асқарова мен Л.Жүсіпқалиеваға «Ақуызбен байытылған ұнды кондитер өнімдері» тақырыбындағы инновациялық бизнес жобасы үшін берілді (жетекшісі А.Қ.Жұмаева). 2-орынды студент М.Талап «Digital Waste Sorting-қоқысты сандық сұрыптау» тақырыбындағы инновациялық бизнес жобасы үшін алды (жетекшісі Д.А.Джапарова). Ал «Эко сабын өндірісі» тақырыбындағы инновациялық бизнес жобасын ұсынған студенттер Г.Өтегенова мен К.Төлеуғалиева 3-орынға (жетекшісі Р.С.Бегалиева) қол жеткізді.
Жеңімпаздардың барлығының бизнес идеялары мен жобалары Қазақстан халқының игілігі үшін гранттық қаржыландыруға ие болуларын тілейміз.