БҚАТУ мен Уфа университетінің достығын бекіткен аллея

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университеті бірлесе «Достық-Дуҫлыҡ» аллеясын ашты. Аллеяның ашылу салтанаты ZOOM платформасында онлайн ұйымдастырылды.

Алдымен сөз алған Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов Ресей университетінің өкілдеріне Қазақстаннан сәлем жолдады.

            – Бүгін бізде айтулы оқиға. Соның нәтижесінде арамыздағы достық және әріптестік қарым-қатынасымыз нығая түседі деген ойдамын. Әр қоғамда қалыптасқан мынадай үрдіс бар: әрбір адам үй тұрғызып, бала тәрбиелеп, ағаш отырғызуы керек. Ал осы қағиданы біздің ара-қатынасымызға үйлестірер болсақ, үй – бұл біздің оқу орындарымыз, балалар – біздің студенттеріміз, тал отырғызу – біздің достығымыздың белгісі. Екі елде орналасқан университеттерге арадағы жол алшақтығы да кедергі келтіре алмайды, – деген Асқар Мырзахметұлы қос оқу орнының да гүлдене беруіне тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің ректоры Олег Баулин қазақстандық және ресейлік оқу орындары арасындағы әріптестік байланыс бірнеше жылдар бұрын басталғанын атап өтті.

– Тың форматтағы әрбір іс-шара, жаңа бастамалар мен ортақ мүдделеріміз бізді біріктіре түседі. Сонымен қатар бұл жұмыстар студенттеріміздің білімі мен сапа көрсеткішін арттыруға бағытталып отырғаны сөзсіз. Біздің бас ғимаратымызға барар бағытта ашылған аллеяның жанымен күнделікті өтетін мыңдаған білім алушы «Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті аллеясы» деген жазуды оқып, сіздердің оқу орындарыңыз жайлы біліп жүретін болады. Оған қоса бізде білім алып жүрген қазақстандық студенттеріміз де бар. Біздің бүгінгі шарамызға студенттермен бірге оқушылар, ардагерлер қатысып отыр, – деген университет ректоры бұл рәсім ұрпақтар сабақтастығын да қалыптастырып отырғанын жеткізді.

Аллеяның ашылу салтанатында Жәңгір хан университетінен институт директоры, профессор Сәрсенбек Монтаев пен Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Темірлан Тәжен, Уфа университетінен ардагерлер кеңесінің төрағасы Марсель Исламов пен қазақ диаспорасының төрағасы Алмат Жүсіпбеков сөз алып, бұл символикалық қадам жоғары білім беру мен ғылым саласындағы ынтамықтастықтың ұзағынан болуына септігін тигізеріне сенім білдірді.

Салтанатты шарадан соң қос университеттің ұжымы мен білім алушылары «Достық-Дуҫлыҡ» аллеясына алғашқы тал-теректерді отырғызды. Осылайша бір күнде екі елдегі жоғары оқу орындарында берік достықтың белгісі ретіндегі қос аллея пайда болды.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу