Жәңгір хан университетінде Қазақ күресінен жоғары оқу орындары студенттері арасындағы республикалық лиганың финалдық кезеңі өтті.
Екі күнге созылған палуандар жарысына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Павлодар педагогикалық университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ерлер және қыздар командалары қатысты.
Екі күнге созылған тартысты бәсекеде жалпы 7 оқу орнынан қатысқан командалар құрамында 56 палуан жігіт пен 28 студент қыз боз кілемде белдесті. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер және қыздар арасындағы қос бірдей жеңісті Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті қанжығасына байлап кетті. Жүлделі 2-орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ерлер және қыздар командалары жеңіп алды. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің палуан жігіттері 3-орынға табан тіресе, алаң иелері – Жәңгір хан университетінің қыздар командасы да осы тұғырдан көрінді. Сонымен қатар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті студенттері Әділбек Сеисов пен Риза Сүлейменова «Үздік техникасы үшін» аталымымен марапатталды. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті Елшат Құрбанов пен Павлодар педагогикалық университетінің студенті Гаухар Омар «Жеңіске деген жігері үшін» аталымын иеленді.
Еске сала кетсек, ЖОО студенттері арасындағы республикалық лиганы ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» қолдауымен университетіміздегі «Жәңгір хан» спорт кешені мен БҚО қазақ күресі қауымдастығы, Орал қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі ұйымдастырды.