Ғылым айлығы басталды

Жәңгір хан университетінде «Ғылым айлығы – 2022» іс-шарасы «Қазіргі сын-қатерлер жағдайында ғылым мен білім беруді дамытудың өзекті мәселелері» атты XXII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Сонымен қатар бірқатар ғалымдар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 

Бұл іс-шара 12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күніне орайластырылды. Конференция жұмысының пленарлық жиынын ашқан университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін «Ғылым қызметкерлерінің күні» мерекесі елімізде оныншы жыл қатарынан атап өтіліп жатқанын айтты. – Сіздерді алдымен кәсіби мерекелеріңізбен және осы атаулы күннің мерейтойлық датасымен құттықтаймын. Ғылым ізденісті қажет ететін сала, сондықтан сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін, – деді Әлжан Смайылұлы. Бұдан соң проректор ғылым саласында өзіндік қолтаңбалары бар Жәңгір хан университетінің ғалымдары С.Монтаевты, Б.Траисовты, Е.Насамбаевты, Қ.Көшәлиевті, А.Қазамбаеваны, Г. Айешеваны облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің алғыс хатымен марапаттады.

Конференция жұмысы аясында университеттің ғылым басқармасымен қатар әр институтта «Ауыл шаруашылығы ғылымдары және ветеринария», «Техникалық ғылымдар», «Экономикалық ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар» бойынша секциялық отырыстар өткізілді. Университет ғалымдары өздерінің салалары бойынша зерттеп жүрген ғылыми тақырыптары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар ғылымдағы өзекті мәселелерге назар аударылып, тың идеялар айтылды. Конференция жұмысына қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары онлайн режимінде қосылу мүмкіндігіне ие болса, шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары арнайы жинаққа енгізуге ғылыми мақалаларын ұсынды.

БҚАТУ-да «Ғылым айлығы» сәуір айының соңына дейін түрлі форматтағы іс-шаралармен жалғасады. 

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу