Жәңгір хан университетінде профессорлар-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасындағы «Денсаулық-2022» қысқы спартакиадасы басталды.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі спорттық іс-шараның мақсаты – дене шынықтыру және спорттың көмегімен салауатты өмір сүру салтын насихаттау; оқытушылар мен қызметкерлердің спорттық шеберліктерін арттыру. Жалпы аталмыш білім ордасында бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінеді. Осындай мақсаттарды көздейтін қысқы спартакиаданы университеттегі «Жәңгір хан» спорт клубы ұйымдастырды.
Жарысқа университет құрамындағы бес институт пен бөлімдердің командалары қатысуда. Командалар спорттың волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, жұптық үстел теннисі, көңілді сөре, пневматикалық қарудан оқ ату, шахмат, дартс, қол күресі, шаңғы эстафетасы, арқан тарту секілді 12 түрінен өзара сайысқа түседі. Жалпы спорттың барлық түрі бойынша 300-ден астам адам жарысқа қатысуда.
Спартакиаданы өткізу барысында санитарлық және карантиндік талаптар толығымен сақталады. Бірнеше күнге жалғасатын «Денсаулық-2022» спартакиадасының қорытындысы бойынша спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болған командалар «Жәңгір хан» спорт клубының дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталады.