Жәңгір хан университетінің студенттері өңіріміздегі беделді ақпарат порталдарының бірі – «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Табылғали Сапаровпен кездесті.
«Парасат» ақпараттық білім беру орталығының «Парасат жолы» жобасы аясында еліміздегі жастар ісі және мемлекеттік саясатты насихаттау мақсатында ұйымдастырған іс-шарасында алдымен сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов кеш қонағына оқу орнының басшылығы атынан ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар Т.Сапаровтың еңбек жолына тоқталып, оның БҚАТУ түлегі екенін атап өтті.
Бұдан әрі сөз кезегін алған Табылғали Сатқалиұлы: – Мен жалпы зейнеткерлік жастағы адаммын. Алайда менің еңбегім әлі де қоғамға керек болғандықтан, бүгінде «Жайық Пресс» серіктестігін басқарып отырмын. Адам кімге, қай кезде қажет екенін өзі болжамайды. Дегенмен, қоғамға қажет болу үшін тәрбиеленіп, қалыптасуы керек. Мен ел басқарамын деп оқымадым, маман болғым келді. 1976 жылы осы оқу орнын бітіріп, «зоотехник» мамандығын меңгерген едім. Алайда өмір жолы басқа арнаға бұрып кетті, – деп әңгімесін сабақтады. Өмірлік тәжірибесінен сыр шерткен қадірменді мейман жастарға аталық, әкелік ақыл-кеңесін айтып, болашаққа дұрыс мақсат қоя білуге, елге адал қызмет етуге шақырды.
Кездесу барысында студенттер Табылғали Сатқалиұлына өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.