Бүгін Жәңгір хан университетінде «Тұйық сумен жабдықтау қондырғысында бекіре балықтарын және тоғандарда тұқы балықтарын өсіру технологиясы» тақырыбында семинар жұмысы өтті. Бұл шараны «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасының «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін өтеусіз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» кіші бағдарламасының шеңберінде университет жанындағы «AGROTECH HUB» білім тарату орталығы ұйымдастырды.
Семинар барысында ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Марклен Шукуров, PhD докторы, биология ғылымдарының кандидаты Бекбол Сариев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Асылзада Габдуллина лекция оқыды. Өз сөздерінде балықтардың түрлері мен биологиялық ерекшеліктері, далалық жағдайда уылдырықты инкубациялауды ұйымдастыру, бекіре балықтарының азығына қойылатын талаптар сияқты мәселелерге тоқталды.
Семинарға қатысушылар лекторларға туындаған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Күннің екінші жартысында семинардың тәжірибелік бөлімі «Акваөсіру өнеркәсіптік өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС-да жалғасты. Ал, семинар соңында қатысушыларға семинардан өткендіктерін растайтын сертификат табысталды.