Білім ордасының алғашқы түлегі

Ғабдрашит Қарменов – қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды, бұрынғы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын 1968 жылы бітірген алғашқы түлектерінің бірі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түрлі лауазымдық қызметтерді атқарған кейіпкеріміз қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста.

Университеттің мерейтойы – ұжымның ғана емес, осы оқу орнын бітірген түлектер үшін де үлкен мереке. Ғабдрашит ағамыз бір кездері өзін де алғашқы қарлығаштарымен бірге қанаттандырған білім ордасының жақсы жаңалықтарына құлақ түре жүреді екен. Әңгіме барысында Ғабдрашит Қарменұлы студенттік жылдарын еске алып, 1963 жылы ашылған Ауыл шаруашылық институтына (қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ) алғашқылардың бірі болып «мал дәрігерлік» факультетіне оқуға түскенін айтты.     

– Егер шатаспасам, 105-тей студент оқуға қабылданған еді. Ректор ветеринария ғылымдарының кандидаты Дзерженский Александр Яковлевич, проректор болған Эмканат Сатқанов, содан соң Әмірхан Қарасаев, М.Родина, Ғазиз Қамешев деген сабақ берген оқытушылар есімде. Ал институтта бірге оқыған курстастарымның көпшілігі бүгінде бақилық болды. Себебі ол кезде оқуға келгендердің басым бөлігі өндірістен келген, жұмыс жасап жүрген жасы үлкендер болатын. Біз секілді мектеп бітіріп оқуға келгендер 20-30 пайыз ғана еді. Сондай-ақ қазіргі Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжі, облыстық тарихи-өлкетану музейі – институттың бас ғимараттары болатын. Жатақхана бұрынғы Коммунистическая көшесінде орналасты, ол жерде қазір ештеңе жоқ деуге болады. Қиыншылықтар да болды. Алайда еңбек етіп, жұмыс жасап келген жігіттердің тәртібі де, оқуға деген ынталары да күшті болды. Тағы бір айта кетерлігі, аталған факультет кадр және орын тапшылығына  байланысты жабылып қалды да, кейбіреулері Алматыға ауысып кетті. Ал біз институтта қалып, 1968 жылдың ақпан айында оқуды бітірдік, – дейді кейіпкеріміз Ғ.Қарменов.

Ғабдрашит Қарменұлын қолына дипломын алғаннан кейін сол жылдары Қазталовка ауданына қараған «Искра» қой совхозына жолдамамен жұмысқа жібереді. Әрине, ол жылдары жас мамандарға жақсы қамқорлық көрсетілетін болған. Жұмыспен ғана қамтып қоймай, тұратын баспаналарын, мінетін көліктерін сайлап қоятын болған. Ағамыз сол ауылға зоотехник-селекционер болып жұмысқа тұрады. Сол жылы мамыр айында Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Украйна, Белоруссия елдерінде бір жыл әскери борышын өтейді. Әскерден келгеннен кейін «Искра» совхозына қайтып келіп, алты ай бөлімше зоотехнигі болып жұмыс жасайды. Ал 1969 жылдың қазан айында Қазталовка ауданындағы ең үлкен шаруашылықтардың бірі – Жаңақала совхозына бас зоотехник болып жұмысқа орналасады.1972 жылдың мамыр айына дейін сол ауылда қызмет еткен.

– Сол жылдың наурыз айында Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданы қайтадан құрылған еді. Содан «Искра» совхозы Орда ауданының қарамағына өтті, ал Жаңақала совхозы Жаңақала ауданының жетекші шаруашылығы болып, осы ауданда қалды, – деп есіне алды ағамыз.

Әр жылдары Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы басқарманың бастығы, Жаңақала ауданындағы Пятимар бастауыш партия ұйымының партком секретары, Халық депутаттары Жаңақала аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, Жаңақаладағы «Красногор» жылқы зауытының директоры, Жаңақала ауданы әкімінің бірінші орынбасары, «Бірлік» ААҚ президенті, Бөкей ордасы ауданының әкімі болып қызмет еткен. Осындай лауазымды міндеттерді абыроймен атқарған Ғабдрашит Қарменұлы 2003-2010 жылдары Батыс Қазақстан облыстық Көші-қон және демография басқармасын басқарып, осы мекемеден зейнеткерлікке шыққан екен. Бүгінде немелерінің сүйікті атасы, ұл-қыздарының аяулы әкесі.

Еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосқан кейіпкеріміздің еселі еңбегі ескерусіз қалмай, «Жаңақала ауданының Құрметті азаматы» атанған. Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдық, 30 жылдық және ҚР Конституциясының 10 жылдық мерекелерінде мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сонымен бірге 2004 жылы «Еділбай қойларының тұқымаралық түрін» шығаруға атсалысқаны үшін ҚР Әділет министрлігінің санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің №38 авторлық куәлігі берілген. 1989-1991 жылдары Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болса, аудандық деңгейде бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болған.  

Бүгінде 76 жасқа аяқ басқан қария өзі жоғары білім алған қазіргі Жәңгір хан университетіне 30 жылдық кездесуге барғанын айтты. Әрине, одан бері ширек ғасыр уақыт өткені белгілі. Өзімен бірге институт бітірген курстастарының көбі қазір о дүниелік болғанын әңгіме арасында айтқан еді. Дейтұрғанмен, Жәңгір ханның есімін иеленген қара шаңырақ десе елеңдеп тұратынын жасырмады. Алпыс жылдығын атап өткен университеттің білім сапасы бұрынғыдан да жақсара түскеніне бек сенімді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА   

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу