Азаматтық борыштарын атқаруда

Жәңгір хан университетінің ұжымы облысымызда орын алған төтенше жағдайға байланысты қолдан келген көмектерін ұсынуда.

Төтенше жағдай орын алғаннан бері университетте профессор-оқытушылар құрамынан, қызметкерлер мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарынан құралған арнайы штаб құрылды. Осындай сын сағатта өздерінің жауапкершіліктерін, азаматтық парыздарын сезінген университет қызметкерлері, «Әскери кафедра» сарбаздары, еріктілер мен жатақханада тұратын білім алушылар өзен жағасындағы бөгеттерді биіктету, су тасқыны қаупі бар аумақтарда қорғанысты күшейту, эвакуациялық орындарды дайындау жұмыстарына да көмектесуде. Волонтерларымыз күнделікті қапшықтарға құм толтыру, Зашаған кентінен өтетін Жайық өзенінің арнасын биіктету, өңірімізге келіп жеткен гуманитарлық көмектерді жүк көлігінен түсіру және халыққа тарату жұмыстарына тартылуда.

Университет ұстаздары білім алушылармен бірге Зашаған кентіндегі «Арман» жекпе-жек клубындағы эвакуациялық бекетке орналастырылған адамдарға азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарын жеткізіп берді. Ал Политехникалық институттың жас ұстаздары өздері ұйымшылдықпен Теректі ауданының Подстепное ауылындағы эвакуациялық пунктке орналасқан отбасыларға азық-түлік, киім-кешек түрінде гуманитарлық көмектер апарды.  

Жалпы БҚАТУ-дан өз еріктерімен күніне тұрақты түрде 200-ден аса адам волонтерлық қызметтер атқарып, өз үлестерін қосуда. Нәтижесінде төтенше жағдай енгізілгелі 2500-ге жуық қызметкер мен білім алушы уақытпен санаспай, жұмыстануда. Бұл шаралар су тасқынының қаупі сейілгенге дейін жалғасатын болады.

Зардап шеккен жерлестерімізге қолдау көрсету мақсатында университет ұжымы ерікті түрде біркүндік жалақыларын аударып, игілікті іске үлес қосты. Яғни, жалпы сомасы 3 810 564 (үш миллион сегіз жүз он мың бес жүз алпыс төрт) теңгені құрайтын қаражат «Ақжайық» жеке қорына аударылды. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлер үйлері суға кеткен туысқандарына, жерлестеріне және жұмыстастарына тікелей қаржылай көмек көрсетті. Университет жанынан су тасқынынан зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға арналған 100 адамдық эвакуациялық орын дайын тұр. Қосымша эвакуациялық орындар бөлу жұмыстары әлі де жүргізілуде.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу