Университетте ғалымдар бас қосты

Жәңгір хан университетінде BR21881871 «Қазақстан Республикасының мал азықтық алқаптарында толыққанды жем-шөп өндіру технологиясын әзірлеу»ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, ғылыми жетекшісі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бейбіт Нәсиұлы Нәсиев.

Аталмыш ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша Жәңгір хан университеті өткен жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруына ие болған еді.
Бағдарламаның тақырып ауқымы Қазақстан бойынша зерделеуді қажет ететіндіктен, жұмыс тобына еліміздің өзге өңірлерінен басқа да қоса орындаушылар тартылған.

Үйлестіру кеңесінің отырысында алдымен сөз алған университетіміздегі Ғылым басқармасының басшысы Индира Бейшова ғылыми-техникалық бағдарламаның маңызына тоқталып, ғалымдардың жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан әрі мақсатты қаржыландыру бағдарламасын орындауға БҚАТУ ғалымдарымен бірге екінші жыл қатарынан атсалысып жүрген жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердің, ғылыми-зерттеу институттарының, ауыл шаруашылық стансаларының ғалымдары жыл басынан бері жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті.

Белгілі болғанындай, еліміздегі мал азықтық алқаптарда құнарлы, төрт түліктің бабын келістіретін жөм-шөп өндіру технологиясын әзірлеуге бағытталған бағдарлама бойынша жалпы саны сексеннен астам ғалым жұмыстануда. Сонымен қатар болашақ кадрларды үйрету, жас мамандар даярлау мақсатында бағдарламаға екі докторант, жеті магистрант, жеті студент тартылған.

Кеңес отырысында ғалымдар ортақ мәселелерді талқылап, алдағы жылдың жоспарларын жасақтады.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу