5 тамыз күні ҚР Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысында «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» бөлімшесінің корреспондент-мүшелері қатарынан Сәтбаев академиясының толық мүшелері (академиктері) сайланды. Дауыс беру нәтижелері бойынша Жәңгір хан университетінің профессоры Бейбіт Нәсиұлы Нәсиев академияның толық мүшесі (академигі) болып сайланды.
Бейбіт Нәсиұлы – ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы (2007), ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (2012), профессор (2015). Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының түлегі. 2003 жылдан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Агротехнологиялық институтының профессоры.
Ғалымның зерттеу жұмыстарының негізгі ғылыми бағыттары: жем-шөп өндірісі, жайылымдарды ұтымды пайдалану, жайылым шаруашылығы, топырақтану және агрохимия. Ғалым-ұстаз 400-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, соның ішінде 12 монография, 20 оқу құралы, 15 электронды оқулық. Өзінің ғылыми мектебінің негізін қалаушы, 5 PhD дайындады.
Бүгінгі таңда Бейбіт Нәсиұлы жетекші аграрлық жоғары оқу орны – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өзінің ғылыми және педагогикалық қызметін жалғастыруда.