25 мамыр күні Алматыда Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Қазақстан ғылымы мәселелерін анықтау және шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өтті. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Сынақ орталығының» директоры Индира Бейшова да осы алқалы жиынға қатысып, әріптестерімен пікір алмасты.
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған басқосуға еліміздегі белгілі жас ғалымдар қатысты.
Дөңгелек үстелде академия президенті Күнсұлу Закарья ғылымның қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыру жолдарына және ел экономикасындағы маңызына назар аударды. Ал академияның вице-президенті Асқар Жұмаділдаев қазақ тілінің ғылым тілі болуы, ғылымды насихаттау, жоғары оқу орындарындағы оқулық сапасын жақсарту сынды ғылымды дамытудың негізгі басымдықтарына тоқталды.
Жәңгір хан университетінің жас ғалымы Индира Салтанқызы өз баяндамасында ғылымның әлеуетін көтеретін бірқатар ұсыныстарды жеткізді. Атап айтқанда, аймақтық университеттердің зертханаларының жабдықталуын жетілдіру, гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалардың конкурстық құжаттамасына өзгерістер енгізу, “Жас ғалым” жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға бағытталған байқаудың конкурстық құжаттамасына өзгертулер енгізу сияқты мәселелерді алға тартты.