Жәңгір хан университетінде дәстүрлі «Денсаулық-2024» қысқы спорттық ойындар спартакиадасы басталды.
Спартакиаданың ашылу салтанатына басқарма мүшелері, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, ерлер арасында волейболдан Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Сергей Сафронов, университеттердің ардагер спортшылары және институттар мен орталықтардың директорлары қатысты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз алған жоғары оқу орнының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов пен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов командаларға сәттілік тіледі.
Биылғы қысқы спартакиадаға білім ордасының оқытушылары мен қызметкерлерінен құралған 7 команданың құрамында 200-ден астам адам қатысуда. Олар спорттың волейбол, баскетбол, футзал, шаңғы эстафетасы, үстел теннисі, жұптық үстел теннисі, шахмат, асық ату, қол күресі, пневматикалық қарудан оқ ату, арқан тарту, көңілді сөре сынды түрлері бойынша өзара бақ сынасады.