Жәңгір хан университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай ЖОО, ООО студенттері мен оқушылар арасында дебат сайыстары өтті. Бұл “Бетта” және “Альфа” лигаларында өткен облыс бойынша алғашқы турнир. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – облыстың барлық дебатерлерін біріктіру, бірлескен жұмыс пен достық қарым-қатынас орнату.
– Мұндай іс-шаралар пікірсайысшылардың, клубтардың мәртебесін көтеру, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру және рухани тәрбие беру үшін қажет. Өйткені, студенттер білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысуы керек. Сонымен қатар, біз ЖОО-мен шектелмей, арнайы оқу орындарының оқушылары мен студенттерін қамтимыз, – деді Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Асхат Өкшебаев.
Жалпы облыс бойынша екі үлкен пікірталас орталығы жұмыс істейді, біреуі – біздің университетіміздің жанындағы “Рух” пікірсайыс орталығы, екіншісі – М. Өтемісов атындағы БҚУ жанындағы “Ақиқат” орталығы.
– Қазір біздің орталықта елуден астам пікірсайысшы бар. Жақында бірінші курс студенттерін қабылдадық. Екінші курс студенттерін республикалық жарыстарға дайындаймыз. Өткен жылы біз Алматыдағы “Тұран” университетінің республикалық турниріне қатыстық. Бұл біздің студенттер үшін үлкен тәжірибе болды. Сондай-ақ, 17-19 қараша аралығында республикалық деңгейде пікірталас өткізу жоспарланып отыр. Оған 32 фракция қатысады деп күтілуде. Қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді “Рух” пікірталас орталығының президенті Әлішер Кенжешев.
Бүгін пікірталас алаңына Орал және Ақсай қалаларының студенттері, мектеп оқушылары мен колледж оқушылары жиналды. Барлығы 26 команда қатысты. Жәңгір хан университетінің атынан 1 және 2 курс студенттерінен құралған 5 команда қатысты. Ал қазылар алқасының құрамында “Рух”орталығының 3 және 4 курс студенттері болды.