Жәңгір хан университетінің ғалымдары ҒҒТҚН коммерцияландыру гранттарын жеңіп алды.
Экономиканың ғылымды қажет ететін салаларын дамытуды және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды отандық ғылымсыз және ғылыми қызмет нәтижелерін енгізбей шешу мүмкін емес. Жәңгір хан атындағы көпсалалы БҚАТУ – инновациялық хаб болып табылады және Қазақстанның батыс өңірінің индустриялық-инновациялық дамуына үлкен үлес қосады.
Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау кеңсесінің басшысы Гүлшат Амангелдіқызы Айешеваның айтуынша, БҚАТУ-да «Идеяны қалыптастырудан – оны коммерцияландыруға дейін» тиімді дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылым бар. Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау кеңсесінің табысты жұмысының арқасында түрлі республикалық және халықаралық көздерден қаражат тартылады, сондай-ақ зерттеу нәтижелері пайдаланылады. Университеттің инновациялық жобалары мен әзірлемелері ҚХР, ЧР, АҚШ, Жапония, Түркия және т.б. түрлі халықаралық көрме-презентацияларға қатысты. Инновация – университеттің ғылыми-технологиялық және білім беру қызметінің ажырамас және маңызды бөлігі болды және болып қала береді.
Биыл бизнес-серіктестермен жемісті ынтымақтастық нәтижесінде университеттің екі жобасы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша «Ғылым қоры» АҚ байқауында жеңіске жетті (2025-2027 жылдарға). Жобалардың жалпы құны 1 021, 96 млн теңгені құрайды, оның ішінде қоса қаржыландыру – 324, 52 млн теңге.
Бірінші жоба – «Балық шикізатын терең өңдеу технологиясы және табиғи су айдындарында балық ресурстарын молайту», екіншісі – «Аңсар кроссінің генетикалық әлеуетін пайдалану арқылы үйрек етін өндіру технологиясы». Бұл инновациялық жобалар зертхана меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бекбол Төкесұлы Сариев пен доценттің м.а., PhD Аружан Еркінқызы Нұғманованың жетекшілігімен университет ғалымдары командаларының инновациялық технологиялары мен әзірлемелерін енгізуге бағытталған.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ серіктестерге инновациялық қызметті дамыту саласындағы жемісті ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреді және конкурс жеңімпаздарын, сондай-ақ университеттің Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау кеңсесін құттықтайды.