23-25 маусым аралығында Жәңгір хан университеті ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының «QAZAQSUT» республикалық палатасымен бірлесіп Павлодар облысына қарасты Павлодар ауданы аумағында орналасқан «Agro-Trade PV» ЖШС-да ЕАЭО елдерінен келген бонитер-классификаторлар үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізді.
Аталмыш курс BR22886157 «Селекциялық-технологиялық және молекулалық-генетикалық әдістер арқылы сүтті мал шаруашылығының генетикалық ресурстарын басқару, сақтау және ұтымды пайдалану» бағдарламасы аясында ірі қара малдың экстерьерлік белгілерін желілік бағалау бойынша халықаралық жетекші сарапшы Тамаш Шебоктың (Венгрия) қатысуымен өтті.
Курс бағдарламасы асыл тұқымды ірі қара малдың экстерьерін бағалау саласындағы мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ ICAR және Interbull халықаралық стандарттарына сәйкес бағалаудың дәлдігі мен бірізділігін арттыруға бағытталған. Оқыту барысында теориялық дәрістер, малға жүргізілген тәжірибелік көрсетілімдер мен ЕАЭО елдерінің мамандары арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Курс соңында қатысушыларға белгіленген үлгідегі біліктілікті арттыру сертификаттары табысталды.
