Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жастарды нашақорлықтан сақтандыруға бағытталған кездесу өтті.
Кездесуге БҚО Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар атап өткендей, жастарға бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Себебі, нашақорлық адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін қауіпті дерт.
Жалпы Жәңгір хан университетінде жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, тура жолға бағыттау, отансүйгіштікке баулу бағытындағы тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Кездесу барысында мамандар білім алушыларға нашақорлықпен қатысты іс-әрекеттердің тигізетін зардабын түсіндіріп, жастар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Бұл облыс орталығына жан-жақтан жиналған жастардың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қамтамасыз етуге негізделген іс-шара болды.