«Жасыл ел» жасағы жұмысқа кірісті

Жәңгір хан университетінде «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс» жасақтарының кезекті еңбек маусымы салтанатты түрде ашылды.

БҚАТУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов атап өткендей, университет 2005 жылдан бері аталған жастар қозғалысын дамытуға үлкен үлес қосып келеді. – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жастар еңбек жасақтарының қозғалысы жыл санап өркендеуде. 2005 жылы бұл қозғалыс Батыс Қазақстан өңірінде жұмысын бастаса, соның ішінде Жәңгір хан университетіндегі еңбек жасағы сол уақыттағы 3-курс студенті, қазіргі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы Манкеевтің бастамасымен құрылған еді. Сол жылы еңбек жасақтарының белсенділігі республика дәрежесіне дейін қанатын кеңінен жайған болатын, – деген Ақылбек Ұзақбайұлы сандық көрсеткіштерге де тоқталды.

Күні бүгінге дейін Жәңгір атындағы БҚАТУ-дың 5 мыңнан астам студенті «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс» еңбек жасақтарына тартылған. Соңғы жылдары университет тарапынан жастар жасағын жұмыспен қамту жолға қойылып келеді. Былтырғы қиын кезеңнің өзінде студенттерді әлеуметтік қолдау бойынша 300-ден астам білім алушы облыс көлеміндегі жұмыстарға жолданса, 168 білім алушыны университет өз қамқорлығына алып жұмыспен қамтыған.

Іс-шарада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабының басшысы Аслан Тапишев құттықтау сөз сөйлеп, Жәңгір хан университетінің сарбаздарына «Еңбек жалауын» салтанатты түрде табыстады.

Еске сала кетсек, биыл БҚАТУ-дың 100-ден астам студенті «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс» еңбек жасақтарының қатарынан табылады. Сонымен бірге «Жасыл ел» облыстық штабымен жасалған меморандум аясында университет білім алушыларды жұмыспен қамтып, оқу орнының аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу көзделуде.

Салтанатты іс-шараны университеттің өнерлі жастары әсем әндерімен көркемдеді.

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:[email protected]
Жаңалықтарға жазылу