Оған оқу орнындағы қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің қызметкерлері қатысты, ал университеттің басшылық құрамы мен оқытушылары дәрісті ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде тыңдады.
Университеттің Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің басшысы Жанболат Мусадиев бұл дәрістің мақсатын түсіндіріп, келген қонақтармен таныстырды.
– Биылғы мамыр айында Ресейдің Қазан қаласында мектепте атыс оқиғасы орын алса, кейін қыркүйек айында Перьм мемлекеттік университетінде де қарулы шабуыл орын алғаны белгілі. Екі оқиға салдарынан да білім алушылар қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанған. Бүгінгі дәрісте осындай оқиғалардың алдыну алу және кездейсоқ жағдай орын алғанда әрекет ету қағидаларын арнайы қызметкерлер түсіндіретін болады, – деді.
Алдымен сөз алған БҚО Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Артем Гусев оқу ордасы ғимараттарындағы тәртіп сақтау іс-шараларын күшейту, оқыс оқиғаларды бағамдау, ондай жағдайлар орын алған сәтте жедел әрі жауапты шешімдер қабылдау секілді қағидаларды түсіндірді. Сонымен қатар тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетілді.
Бұдан әрі департамент маманының сөзін жалғаған ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің өкілі адамдардың өміріне қауіп төндірер іс-қимыл әрекеттері кезінде оларды құтқару үшін әр нәрсеге мән беру қажеттігін ескертті. Сонымен бірге эвакуациялық жұмыстар бойынша практикалық дәрістер өткізу де артық етпейтінін айтты.
Университеттің Қауіпсіздік және тәртіп сақтау бөлімінің басшысы Жанболат Нағметоллаұлы атап өткендей, Жәңгір хан университетінің бақылау камералары облыстық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылатын болады. Нәтижесінде жедел жағдайларды өңірдің тәртіп сақшылары да білім ордасының қауіпсіздік қызметімен бірге қосымша қадағалап отыруға мүмкіндік алады.