Өзбекстан елшісі оқу орнымен танысты

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі  Саидикрам Ниязходжаев келді.

Еліміздегі аграрлық-техникалық және  экономикалық бағыттағы көпсалалы  жетекші оқу орындарының біріне арнайы келген мейманды университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қарсылап алды.

Өзбекстан елшісіне қонақжайлық құрмет көрсеткен университет басшысы оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында бірге аралап шығуды ұсынды. Алдымен «Ғылым басқармасында» болған Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі бастаған жұмыс тобы Студенттерге қызмет көрсету орталығында, Жәңгір хан атындағы музейде, Коворкинг орталығында, халықаралық қатынастар бөлімінде болды.

Сонымен бірге Саидикрам Пархатович Жәңгір хан университетінде оқып жатқан Өзбекстан елінің студенттерімен кездесті. Шетелдік жастардың бұл жақтағы жай-күйімен танысқан Өзбекстан елшісі оларға өздерінің ең басты мақсаттары – білім алу екенін естен шығармауға кеңес берді. Кездесу барысында студенттер мейманға өз сауалдарын қойды.

Еске сала кетсек, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде бүгінгі таңда 100-ден астам өзбекстандық жас білім алуда. Батысқазақстандық жоғары оқу орнына Өзбекстаннан келіп білім алып жатқан жастардың бірқатары оқуларын осы жерде магистратурада жалғастыруға ниетті. Солардың бірі – Алина Гумарова: «Мен «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша 1-курс студентімін. Осы оқу орнында білім алу жөнінде маған кеңес берген еді. Мен өз таңдауыма өкінбеймін. Мұнда білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Осы жақта магистратура оқып алып, кейін жұмыс жасасам деген жоспарым да бар».

Ал өз қандасымыз Гүлмира Ахмедова Оралға Ташкенттен келген. «Мен экономика саласы бойынша білім алудамын. Орал қаласында білім алып жүрген алғашқы студенттер болғандықтан, бізге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Университет ұстаздары да бізді жылы қарсылады, достарым да көбейді. Қазір жатақханада тұрамын. Кейін университетте магистратурада оқуымды жалғастырғым келеді. Оқу бітіргеннен кейін Қазақстанда қалсам деген ойым бар. Ата-анам Өзбекстанда тұрады, алайда олар менің шешіміме қарсы емес».

090009, Қазақстан Республикасы, Орал қаласы, Жәңгір хан көшесі, 51
  • Ректор қабылдауы:8 (7112) 50 13 74
  • Кеңсе:8 (7112) 52 21 00
  • Қабылдау комиссиясы:8 (7112) 50 24 01
  • Е-мейл:zapkazatu@wkau.kz
Жаңалықтарға жазылу