Жәңгір хан университетінің 3-курс студенті, байдарка мен каноэ есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, юниорлар арасында екі дүркін әлем чемпионы, ересектер арасында әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Мария Бровкова төртжылдықтың дүбірлі додасы – Парижде өткен жазғы олимпиадада өз бағын сынаған болатын.
Көп кешікпей Самарқанд қаласында (Өзбекстан) өткен байдарка мен каноэ есуден ересектер арасындағы әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта жалғыз каноэ есуде қола жүлдені иеленді.
Осындай спорттық жетістіктерімен дараланған Мария Бровкова бүгін «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру» институтының 1-курс студенттерімен кездесті. Еңбек күні аясындағы «Менің табысым – менің жетістігім» атты іс-шараға қатысқан институт директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Эльвира Амангелдіқызы білім алушыларға спорттың өз жолы, өз жауапкершілігі бар екенін айтты. Ал Мария өз кезегінде жеңістің оңайлықпен келмейтінін айтып, жарыс кезіндегі ерекше сәттермен бөлісті. Сондай-ақ студенттердің қойған сауалдарына жауап берді.