Бүгін Жәңгір хан университетінде «Ғылым мен ұстаздықты ұштастырған ғалым» атты көпшілік дәріс өтті. Университеттің «Жастар бастамасын дамыту» орталығы ұйымдастырған іс-шараның басты кейіпкері — білім ордасында ұзақ жылдар қызмет атқарған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов. Басқосуда алдымен сөз алған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов кеш қонағы Қазыбай Қараұлының алпыс жылдық тарихы бар университеттің дамуына көп еңбек сіңіргенін, проректор және ректор лауазымдарын абыроймен атқарғанын атап өтті.
Бұдан әрі көпшілік дәрісте «ашық микрофон» форматында жалғасып, сөз тізгіні мейманға берілді. Ғалым-ұстаз Қазыбай Бозымов әріптестерімен, замандастарымен, жастармен кездесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар өзінің өмір жолы, еңбекке араласқан жылдары, тағылымды істері жайлы баяндады. Ғалым-ұстаздың өнегелі ғұмырының көп жылдары қазіргі Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланысты екені белгілі. Өз сөзінде Қазыбай Қараұлы жастарды ерінбей еңбек етуге, сабаққа көңіл бөлуге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға шақырды.
Кездесу барысында оқытушылар мен білім алушылар да өз сауалдарын жолдап, ғалым-ұстазға ақжарма тілектерін арнады.