Жәңгір хан университеті «Ақназар-Жайық» ЖШС-мен бірлесіп, «Батыс Қазақстан облысының құрғақ дала аймағында суару арқылы жоғары ақуызды мал азығы дақылдарын өсіру» коммерцияландыру жобасы бойынша семинар ұйымдастырды.
Ғылым мен өндірісті тоғыстыратын бұл жиынға өңіріміздің шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мен ғалымдар қатысты. Алғаш болып сөз алған университеттің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін жобаның маңыздылығы мен болашағы жайында баяндап, ғылымды өндіріспен ұштастырудың өзектілігіне тоқталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситказиев кәсіпкерлерді осындай гранттық жобаларды қолдауға шақырса, «Ақ қайнар» нан өнімдері» АҚ басқарушы директоры Сағира Атакбильева жоба нәтижелерімен бөлісті.
Жоба таныстырылымын БҚАТУ жанындағы Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубация кеңсесінің жетекші маманы Гүлшат Айешева жүргізді. Семинар барысында қатысушылар өндірістік алаңдарға барып, өзара тәжірибе алмасып, жобаның практикалық тұстарымен танысты.
