5 тамыз күні ҚР Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысында «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» бөлімшесінің корреспондент-мүшелері қатарынан Сәтбаев академиясының толық мүшелері (академиктері) сайланды. Дауыс беру нәтижелері бойынша Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Мырзахметұлы Наметов академияның толық мүшесі (академигі) болып сайланды.
К.И.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясының «Ветеринария» факультетінің (1985) түлегі Асқар Мырзахметұлы – ветеринария ғылымдарының докторы (2005), профессор (2008), ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (2013). Аталмыш жетекші аграрлық жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің ғылыми және педагогикалық қызметін Қазақстанда жалғастырды. Қазіргі уақытта Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректоры болып қызмет атқара жүріп, ғылым және жоғары білім саласындағы жұмыстарын жалғастыруда.
А.Наметов – ветеринариялық хирургия және ветеринариялық иммунология, ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздік, молекулалық биология, ветеринариялық генетика және ауыл шаруашылығы жануарларын/құстарын селекциялау бойынша жетекші ғалым. 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, бірінші «ҚР Ветеринариялық заңнамасының» тең авторы (үш томдықта), өнертабыстық 15 патент иегері, етті мал шаруашылығы / жылқы шаруашылығы және құс шаруашылығы бойынша 8 селекциялық жетістігі, ветеринарлық хирургия бойынша 3 оқулығы, анатомия бойынша 4 оқулығы бар. Өзінің ғылыми мектебінің негізін қалап, бес ғылым кандидаты мен үш PhD дайындаған.