Қала мектептерімен өзара ынтымақтастық орнатты

Бүгін Жәңгір хан университетінде Орал қалалық білім беру бөлімінің «Жаңа буын инженерлері» қауымдастығына кіретін білім мекемелерімен өзара әлеуметтік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою іс-шарасы өтті.

Бұл шараға университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Нұркен Губашев, институт және факультет директорлары, профессор-оқытушылар құрамы және Орал қаласындағы №41 мектеп-лицей директоры Айтжан Даумова бастаған бірқатар мектептер мен қалалық оқушылар сарайының басшылары қатысты. Оқу ісі жөніндегі проректор Н.Губашев бұл басқосудың маңыздылығын атап өтсе, №41 мектеп-лицей директоры А.Даумова «Жаңа буын инженерлері» қауымдастығына кіретін білім мекемелерімен ынтымақтастық орнату туралы ұсыныстарын қабыл алған жоғары оқу орнының басшылығына ризашылығын жеткізді.

Бұдан әрі екі тарап меморандумға қол қойып, алдағы уақытта бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға, өзара тиімді нәтижелерге бірге қол жеткізуге уағдаласты. Меморандумның мақсаты – білім беру мен әлеуметтік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, оқушылардың тұлғалық дамуы мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, инженерлік, шығармашылық және азаматтық бағыттағы бастамаларды дамыту үшін қолайлы орта құру.

📚 Loading…