Жәңгір хан университетінде «Етті мал шаруашылығы: ғылым, технологиялар, тұрақты даму» тақырыбында XXVI халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Ғылым айлығы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі конференция бұл жолы қазақтың ақбас ірі қара мал тұқымының қалыптасқанына 75 жыл толуымен орайластырылды. Конференцияның пленарлық отырысына университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры Бағлан Аймырзаев, БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мен Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, Ресей ғалымдары қатысты.
Жиын барысында ғалымдар 2026–2035 жылдарға арналған мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспарындағы ет бағытындағы ірі қара малдың алатын орны, қазақтың ақбас сиыр тұқымының қазіргі жағдайы мен даму бағыттары, етті ірі қара шаруашылығында генетикалық әлеуетті арттыру құралы ретінде қолданылатын ДНК-технологиялары, етті ірі қара шаруашылығында желілер бойынша асылдандыру, ауыл шаруашылығы қалдықтарын жедел өңдеу арқылы органикалық тыңайтқыштарды мобильді өндіру, ірі қара малды қолдан ұрықтандыру және басқа да ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция жұмысы «Ауыл шаруашылығы ғылымдары», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Техникалық ғылымдар», «Гуманитарлық және экономикалық ғылымдар» секциялық отырыстарымен жалғасты.



