Бүгін Жәңгір хан университетіне Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов пен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қанат Тіреуов келді.
Қонақтар оқу орнындағы ғылыми зертханаларда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Сондай-ақ «Ветеринарлық және биологиялық қауіпсіздік», «Тағам қауіпсіздігі», «Құрылыс материалдары және технологиялар» ғылыми-зерттеу зертханаларында болып, ғалымдардың жаңашыл ғылыми жобаларымен танысты.
Бұдан әрі Студенттерге қызмет көрсету орталығына, «Мәдениет және өнер» студиясына, «Сұңқар» спорт клубына, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейіне барды.
Жәңгір хан университетіндегі игі бастамаларға ризашылығын білдірген Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов ғылыми жобалар мен жетістіктер орталық тарапынан қолдау табатынын жеткізді. «Мемлекет басшысы ғылым-білім саласына өте жоғары талап қойып отыр. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды өздеріңізбен бірлесіп атқаратын боламыз» деді басқарма төрағасы университет ұжымымен өткен кездесуде.


