Елордалық театр ұжымымен кездесті

Жәңгір хан университетіне Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұжымы келді. Театр актерлары жоғары оқу орнындағы шығармашылық ұжымдарға шеберлік сағаттарын өткізді.

Театр директоры, режиссер Асхат Маемиров пен оның шәкірттерін университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов бастаған оқытушылар мен студенттер ыстық ықыласпен күтіп алды. Асқар Мырзахметұлы театр директоры А.Маемировті Жәңгір хан университетінің 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Өнерді құрметтейтін университет жастарына ризашылығын жеткізген Асхат Максимұлы театр өнері, қойылымдарға дайындық барысы, режиссерлік қызметі, актерлар құрамы туралы әңгімеледі. Студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Кездесуге елордалық өнер ұжымымен бірге Атырау жастар театрының актерлары да қатысты. Қонақтар қосыла әдемі әуендер шырқап, тыңдаушыларға рухани демалыс сыйлады.

Сонымен қатар Музыкалық жас көрермендер театрының өнерлі жастары университетіміздегі шығармашылық ұжымдарға шеберлік сағаттарын өткізді және Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейіне экскурсия жасады.

📚 Loading…