БҚАТУ бизнес-инкубаторының командасы – стартап-жобалар байқауының жеңімпазы

Биылғы 30 қыркүйек пен 12 қараша аралығында «Тұран-Астана» университеті TAU Startup Battle / Student Startup Project Competition байқауын ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – технологияларды, кәсіпкерлікті және жастардың инновациялық белсенділігін дамытуға бағытталған келешегі бар студенттік стартап-жобаларды анықтау және қолдау. Жәңгір хан университетінің бизнес-инкубаторы командасы – магистранттар Ернұр Ермұханов пен Темірлан Тәжен барлық іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, 12 қараша күні өткен соңғы мәреде өздерінің инновациялық жобаларын табысты қорғап шықты.

Біздің университеттің бизнес-инкубатор командасы ұсынған «Инфрақұрылым мен қоршаған ортаны мониторингілеуде дрондар мен жасанды интеллектіні пайдалану» атты жоба «Технологиялық деңгей» номинациясы бойынша жеңімпаз дипломымен марапатталды. Жобаның басты мақсаты – ұшқышсыз ұшу аппараттары мен интеллектуалды деректерді талдау алгоритмдерін пайдалану арқылы техникалық бақылау тиімділігін және экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру. Негізгі міндеттеріне бейнемәліметтерді өңдеуге арналған жасанды интеллект жүйесін әзірлеу, мониторинг нысандары мен нәтижелерінің деректер базасын құру, сондай-ақ тапсырыс берушілерге арналған автоматтандырылған хабарландыру және есеп беру жүйесін енгізу кіреді.

Бизнес-инкубация және коммерцияландыру офисінің жетекшісі Гүлшат Айешева өз сөзінде: «Инкубатор резиденттерінің мұндай байқауларға қатысуы – өз идеяларын көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар инновациялық ойлауды қалыптастыру, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және университеттің инновациялық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам. Біздің командамыздың TAU Startup Battle байқауындағы жеңісі – университеттің инновациялық экожүйесінің дамуының және резиденттердің технологиялық кәсіпкерлік саласындағы жоғары дайындығының дәлелі» деп атап өтті.

📚 Loading…